-A A +A

Аумақтық әділет органдарының үйлестіру кеңесі туралы ереже

Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің
2013 жылғы «17» сәуірдегі
№123 бұйрығымен
БЕКІТІЛГЕН
Аумақтық әділет органдарының
үйлестіру кеңесі туралы ереже
I.​ Жалпы ережелер
 
1. Аумақтық әділет органдарының үйлестіру кеңесі облыстардың, Астана және Алматы қалаларының Әділет департаменттерінің (бұдан әрі - ӘД) жанынан құрылады, тиісті аумақтың шегінде тұрақты жұмыс істейтін, Қазақстан Республикасының аумақтық әділет органдарының келісілген іс-әрекеттерін әзірлеу мақсатында құрылған кеңесші орган болып табылады.
2. Өз жұмысында Аумақтық әділет органдарының үйлестіру кеңесі (бұдан әрі - Кеңес) Қазақстан Республикасының Конституциясын, конституциялық заңдарды, заңдарды, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, осы Ережені және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің алқа шешімдерін басшылыққа алады.
3. Кеңес өз қызметін:
1) заңдылық, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу;
2) Кеңестін барлық мүшелерінің теңдігі;
3) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің аумақтық органдарының, ведомстволық бағынысты ұйымдарының және мекемелерінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өкілеттіктерін іске асырудағы құзыретін ажырату;
4) Кеңес шешімдерін орындаудағы дербестігі;
5) мәселелерді талқылау және шешімдерді қабылдауда алқалық қағидаттары негізінде жүзеге асырады.
4. Кеңестің негізгі міндеттері:
1) Қазақстан Республикасы аумақтық әділет органдарының қызметін үйлестіру, олардың өз өкілеттіктерін жүзеге асыруда жергілікті және өкілдік органдармен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен, құқық қорғау органдарымен, соттармен, қоғамдық ұйымдармен және бірлестіктермен өзара іс-қимылын ұйымдастыру;
2) мемлекеттік органдардың ұйымдастыру-өкімшілік қызметіне араласпай Әділет министрлігінің ведомстволық және салалық бағдарламалары мен жоспарларын іске асыру және әділет органдары жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған келісілген ұсыныстар мен іс-әрекеттерді әзірлеу;
3) Әділет министрлігі алқасының шешімдерінің аумақтық әділет органдарының қызметіне қатысты бөлігінде орындалуын қамтамасыз ету болып табылады.
5. Кеңес жүктелген міндеттерге сәйкес мынадай функцияларды атқарады:
1) тиісті аумақта белгіленген қызмет саласында мемлекеттік саясатты іске асыру, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау;
2) тиісті аумақта біртұтас құқықтық кеңістікті қамтамасыз ету;
3) аумақтық әділет органдарының өзара іс-қимылын және қызметін үйлестіру;
4) халықтын құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру;
5) өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әділет органдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету бойынша шараларды ұйымдастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған, мемлекет қабылдаған шараларды, сондай-ақ мемлекеттік қызметті өткерумен байланысты шектеулер бойынша шараларды іске асыру және мемлекеттік қызметкерлердің мінез-құлқына қойылатын талаптарды күшейту.
 
II.​ Қызметті ұйымдастыру
 
6. Кеңес құрамына ӘД-ің басшысы (Кеңес төрағасы), оның орынбасары, сот сараптама институтының директоры, «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» РМК филиалының директоры, «Жылжымайтын мүлік орталығы» РМК директоры, Сот актілерін орындау департаментінің басшысы, облыстық нотариаттық палатаның, бағалаушылар палатасы, жеке сот орындаушылары алқасының, облыс адвокаттары алқасының (келісім бойынша) төрағалары кіреді.
Келісім бойынша Кеңес құрамына жергілікті мемлекеттік басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің және өзге де ұйымдардың басшылары (өкілдері), азаматтық қоғам институттарының, Халықтық-демократиялық «Нұр Отан» партиясының және басқа да саяси партиялардың өкілдері кіре алады.
Кеңестің дербес құрамы Кеңес шешімімен бекітіледі.
Кеңестің практикалық қызметін ұйымдастыру үшін құрамына аумақтық әділет органдары басшыларының орынбасарлары кіретін жұмыс тобы құрылады.
7. Кеңес өз қызметін жоспарлы негізде жүзеге асырады.
Тоқсанға арналған жоспар Кеңес мүшелерінің ұсыныстары негізінде ӘД-мен қалыптастырылады және Кеңес шешімімен бекітіледі.
8. Кеңес отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ кемінде тоқсанында бір рет өткізіледі.
9. Кеңес отырыстарына келісім бойынша Кеңес мүшелері болып табылмайтын прокуратура органдарының, құқық қорғау және сот органдарының, қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және басқа да тұлғалар қатыса алады.
10. Кеңес отырыстарының құжаттарын талдау және қорытындылау, Кеңес отырыстарын дайындау және өткізу барысында аумақтық әділет органдарының өзара іс-қимылын үйлестіруді мен қамтамасыз етуді ӘД жүзеге асырады.
11. Кеңес отырысы оның мүшелерінің жалпы санынан кемінде үштен екісі қатысатын кезде, заңды деп есептеледі.
Кеңес мүшелері жоқ болған жағдайда оның отырысы олардың міндеттерін атқаратын тұлғалардың құрамында өткізіледі. Бұл ретте, Кеңес мүшелері объективті себептерді көрсете отырып, Кеңес отырысына өзінің қатысуы мүмкін болмайтыны туралы жазбаша түрде алдын ала (Кеңес отырысы белгіленген күнге дейін 1 күннен кешіктірмей) төрағаны хабардар етуге міндетті.
12. Кеңес отырысында қарауға жоспарланған мәселені дайындауға жауапты мүшелері баяндамашылар болып табылады. Кеңес төрағасының келісімімен отырыста өзге тұлғалар да баяндамашы бола алады.
13. Анықтамаларды, хаттамалық шешімдердің, бірлескен ұсынымдық хаттардың, нұсқаулардың жобаларын, шақырылған тұлғалардың тізімін Кеңес мүшелері Кеңес хатшысына отырыс болатын күнге дейін бір апта (7 күн) бұрын береді. Кеңес отырысына шақырылған тұлғалардың келуін қамтамасыз етуді, оларды тиісті құжаттармен таныстыруды мәселені дайындаған әділет органы жүзеге асырады. Кеңес отырысында қарауға жоспарланған мәселелер бойынша құжаттарды пысықтауды мәселені дайындаған тиісті әділет органдары мен тұлғалар 3-күндік мерзімнен кешіктірмей жүргізеді.
Ұсынылған материалдар негізінде Кеңес Хатшысы Кеңес төрағасы бекітетін отырыстың күн тәртібін әзірлейді. Отырыстың күн тәртібі қажетті құжаттарды қоса берумен Кеңес мүшелеріне отырыс болатын күнге дейін 2-күннен кешіктірмей беріледі.
14. Кеңес шешімдері ашық дауыс беру арқылы оның мүшелерінің қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады. Дауыстар тең болғанда Кеңес төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
Дауыс беруден бұрын шешім жобасын ашық талқылау жүргізіледі.
15. Кеңес отырысының нәтижесі бойынша отырыс өткізілгеннен кейін 3 күн ішінде ресімделетін Кеңестің хаттамалық шешімі қабылданады. Хаттамаға Кеңес төрағасы қол қояды және тиісті органдарға жіберіледі.
Кеңес шешімінің жобасын әзірлеуді Кеңес жұмысының жоспарында көрсетілген лауазымды тұлғалар жүзеге асырады.
16. Кеңес қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді және қабылданған шешімдердің орындалуын бақылауды Кеңес төрағасы жүзеге асырады.
Кеңес отырысын дайындау бойынша жұмысты ұйымдастыру Кеңес төрағасының бұйрығымен Кеңес хатшысына жүктеледі.
17. Жеке құрылымдар басшыларының өзара іс-қимылдарында қағидаттық келіспеушіліктер туындағанда, оларды шешу мәселелерін, қажет болған кезде Әділет министрлігінің тиісті бөлімшелеріне ақпарат берумен Кеңес төрағасы қарайды.
18. Тоқсанның аяқталуы бойынша Кеңес төрағасы Әділет министріне Кеңестің жұмысы туралы ақпаратты жолдайды. Бұл ретте, Кеңес атқарған жұмыс қорытындылары әрбір жарты жыл сайын міндетті түрде бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көруі, сондай-ақ ӘД Интернет-ресурсына орналасуы тиіс.
 
III.​ Кеңес төрағасының және мүшелерінің өкілеттіктері
 
19. Кеңес төрағасы:
1) Кеңес қызметін ұйымдастырады, жұмыс жоспарларының, Кеңес шешімдерінің орындалуына жалпы бақылауды жүзеге асырады, оның отырыстарын жүргізеді, Кеңес мүшелерінің арасындағы міндеттерді бөлістіреді, Кеңес отырысын дайындау үшін қажетті ақпаратты сұратады;
2) тиісті бұйрықпен ӘД ұйымдастыру-бақылау және кадрлық жұмыс бөлімі мамандарының біріне Кеңес хатшысының міндеттерін жүктейді;
3) Кеңестің Регламентің бекітеді;
4) Кеңес отырысына енгізілген мәселелерді алқалық талқылау және шешу үшін қажетті жағдайларды жасайды;
5) Кеңестің жұмыс жоспарлары мен шешімдерінің жобаларын әзірлеуді ұйымдастырады;
6) Кеңестің жұмыс жоспарында көзделмеген мәселелерді отырыстың күн тәртібіне қосу туралы шешімді қабылдайды;
7) Кеңес отырыстарына оның құрамына кірмейтін тұлғалардың қатысуын ұйымдастырады;
8) тоқсан қорытындылары бойынша Әділет министрлігіне ақпарат жолдауды ұйымдастырады;
9) ақпарат ұсынылмағанда немесе уақытылы ұсынылмағанда, Кеңес шешімдері орындалмағанда, сондай-ақ алдын ала хабардар етусіз Кеңес отырысына Кеңес мүшелері жүйелі түрде (2 реттен артық) келмеген жағдайда, бұл туралы Әділет министрлігіне хабарлайды, сондай-ақ Кеңес мүшелеріне тиісті шараларды қабылдау туралы ұсынысты енгізеді.
20. Кеңес төрағасы болмағанда оның міндеттерін ӘД басшысының міндеттері жүктелген ӘД басшысының орынбасары атқарады.
21. Кеңес мүшелері:
1) Кеңестің жұмыс жоспарының жобасына қызмет бағыттары бойынша ең маңызды және өзекті мәселелерді қосу туралы ұсыныстарды енгізеді;
2) Кеңес отырыстарында қаралатын мәселелер бойынша құжаттарды, сондай-ақ Кеңестің жұмыс жоспарларының, Кеңестің күн тәртібіне немесе Кеңес төрағасының тапсырмаларына сәйкес оның шешімдерінің жобаларын әзірлеуді қамтамасыз етеді;
3) жұмыс тобының құрамы туралы ұсыныстарды енгізеді;
4) Кеңес шешімдерін талқылауға және әзірлеуге қатысады; шешімдердің жобалары және басқа құжаттар бойынша ескертулер болғанда өз ұсыныстарын Кеңес отырысының материалдарына қосылатын жазбахаттар түрінде енгізеді;
5) Кеңес қабылдаған шешімдердін орындалуын ұйымдастырады, оларды іске асырумен байланысты мәселелерді шешеді;
6) мәселелерді талқылау және дауыс беру кезінде тең құқықтарға ие болады;
7) қабылданған шешімдерді және оларды іске асыру бойынша шаралардың тиімділігін бағалау туралы ұсыныстарды енгізеді;
8) объективті себептермен (демалыс, ауру, іссапар және т.б.) Кеңес отырысына өзі қатысу мүмкін болмайтыны туралы жазбаша түрде алдын ала Кеңес төрағасын хабардар етеді. Бұл ретте, Кеңес мүшесі талқыланатын мәселе бойынша өз пікірін жазбаша түрде ұсынуға құқылы;
9) осы Ереженің 11-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, өз өкілеттіктерін басқа тұлғаларға ұсынуға құқығы жоқ.
 
IV.​ Кеңес хатшысы
 
22. Кеңес отырыстарының құжаттамалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етілуін оның құрамына кірмейтін Кеңес хатшысы жүзеге асырады.
23. Кеңес хатшысы:
1) Кеңестің жұмыс жоспарларын бекіту туралы шешімдердің жобаларын әзірлеуге қатысады, белгіленген тәртіпте олардың келісуін, қол қойылуын, көшірмелерінің Кеңес мүшелеріне, басқа тұлғаларға жіберілуін қамтамасыз етеді;
2) Кеңес отырыстарын дайындаумен байланысты (үй-жайды дайындау, отырыс қатысушыларын тіркеу, хаттаманы, отырыстың аудио-жазбасын жүргізу және т.б.) ұйымдастырушылық шараларды іс жүзеге асырады;
3) Кеңестің жұмыс жоспарларының және шешімдерінің орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
4) Кеңес құжаттарының таралымын және оларды Кеңес мүшелеріне, басқа тұлғаларға жіберуді ұйымдастырады;
5) Кеңес шешімдерінің орындалуы туралы талдауды жүргізеді және ақпаратты дайындайды.
24. Кеңес хатшысы өз құзыретінің мәселелері бойынша Кеңес төрағасына тікелей бағынады және есеп береді.